Алматы облысындағы картинг орталығында мерт болған баланың өліміне қатысты күдікті анықталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күдікті ретінде осы орталықтың директоры ұсталды.
«Іле ауданы аумағында орналасқан картинг орталығында орын алған 10 жастағы баланың өліміне қатысты ҚК 306-бабы 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін, абайсызда адам өліміне әкеп соққан қызметтер көрсету) бойынша полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қылмыстық іс материалдарында күдікті ретінде картинг орталығының 41 жастағы директоры танылды. Істің мән-жайын анықтау үшін бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды және бақылауға алынды», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.