Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 2 рет дала өрті шықты. Құтқарушылар олардың бірін ауыздықтап үлгерді. ТЖД қызметкерлері екінші өртпен әлі де күресіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазіргі уақытта Қарқаралы ауданында дала өртінің 2 жағдайы тіркеліп отыр. Ынталы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта 49 гектар аумақта құрғақ шөп жанған. Өрт 14 тамыз күні 21:30-да ауыздықталды. Оны сөндіруге облыстық ТЖД-ның 10 қызметкері мен 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 12 қызметкер мен 3 техника тартылды.
Екінші өрт Едрей ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта шыққан. Жалын шарпыған аумақ анықталып жатыр. Оны сөндіруге ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 17 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, Шет (2 өрт), Ақтоғай және Нұра аудандарында дала өрті тұтанып жатыр.
Өткен тәулікте Шет, Абай, Бұқар Жырау және Осакаровка аудандарында 11 дала өрті ауыздықталды. Оның аумағы 5-48 гектар аралығын қамтиды.
Еске салайық, кеше Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ТЖ режімі жарияланған Қарқаралы ауданына барды.