18 қаң, 2018 сағат 12:26

Қарқарадай Көкшетау ғаріптіктен қашан құтылады?

1997 жылдың қытымыр қысында, қаңтардың қақаған аязында Көкшетау қаласында жылу қазаны жарылып, су қатып, адамдар бүрсең қағып қалған еді. Сол сұмдық бұл қаланың тарихына өшпес өкініштей болып жазылды.

Содан бері 20 жыл өтсе де көкшетаулықтар қылышын сүйретіп қыс келгенде суық қатты болса тағы да қазандығымыз жарылып, жылусыз қалмас па екенбіз деген ғаріптіктен арыла алмай келеді. Өйткені, Көкшетау Жылу электр орталығы (ЖЭО) жоқ жалғыз облыс орталығы, мұнда жылуды жергілікті қазандық береді. Қазір сол қазандықтың қуаты таусылып, барлық ресурстары бітіп, ауыстыруды қажет етіп отыр. Мұнда 20 жыл бойы ауысқан бірде-бір әкімнің қарымы ЖЭО салуға жетпеді. Тек бір-ақ жыл әкім болған Қайрат Қожамжаров қана бұл істі қолға алған еді. Оны тіпті Президент Н.Назарбаев та қолдаған. Бірақ одан кейін әкім болғандар бұл істі жалғастыра алмай, Энергетика министрлігінің ведомстволық мүддесінен шыға алмай, жобаны жапты.

Алайда Көкшетауда ЖЭО салу жобасын іске асыруға атсалысамыз деп Қытай мен Ресей түгіл Германия, Ұлыбритания, Израиль сияқты елдерден делегациялар келген. Әсіресе, елімізде көптеген жобаларды, соның ішінде Ақтаудағы битум зауытын, 1 мың шақырымға жуық автожолдар салуды іске асырған Қытайдың «CITIC CONSTRUCTION Co. Ltd»  деген компаниясы ұсынып отырған жобаның қаражаты да, техникалық қуаты да, экологиялық тазалығы да діттеген жерден шығып тұр. Тек соны қолдап, іске кірісу керек. Оны іске асыратын қаражат көздерін де табуға болады. Тіпті, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өткен жылы Астанаға келген сапары аясында қол қойылған экономикалық ынтымақтастық келісімшарттары арасында осы жоба да болған. Енді сол шаруаны іске асыру тек Қазақстан Үкіметтің алдында тұр.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров осы мәселенің бәрін егжей-тегжейлі айтып, Үкімет Басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, жобаны іске асыруды ұсынды. Ендігі сөз Үкімет Басшысында. Көкшетауды ғаріптіктен құтқару сол кісінің қолында.

С.ЕЛЕУ, сарапшы