Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясында сарапшылар Қазақстан өңірлерінде ауыл әкімдерін тікелей сайлауын өткізу барысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараға ҰҚСК мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі қазақстандық саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты.
Шараны ҚР Президентінің көмекшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин ашты.
«Реформалар мен диалог - президенттік курстың негізгі бағыттарының бірі. Мәселен, саяси бастамаларды жүзеге асыру аясында ғана қазіргі таңда 10 заң қабылданды. Олардың ішінде ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойды. Соның нәтижесінде биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап республика бойынша 811 ауылдық округте әкімдердің сайлауы өтті. Сайланған әкімдердің 86% саяси партиялардың үміткерлері. Тағы 14% өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Сонымен бірге, сайланған әкімдердің жартысы (51%) сайлауға дейін бұл қызметтерді атқармаған жаңа адамдар» – деп атап өтті ол жиын барысында.
ҰҚСК және Президенттік жастар кадр резервінің бірлескен зерттеу тобының жетекшісі Александр Данилов 4 облыстың (Павлодар, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан) ауыл әкімдерінің сайлауы өткен ауылдық округтеріне бару негізінде дайындалған талдамалық баяндаманы ұсынды.
Баяндамада ауылдағы тұрғындардың негізгі түйткілді мәселелері, ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың қысқаша қорытындылары және сайлау науқанының ерекшеліктері көрсетілген.
Александр Данилов өз сөзінде ауылдық округ әкімін тікелей сайлауына байланысты ауыл тұрғындарының жалпы пікірі жақсы екеніне назар аударды.
Зерттеу барысында үміткерлермен жүргізілген сұхбаттар нәтижесі саяси партиялар жұмысының жанданғанын, сондай-ақ үміткерлер уәждемелерінің жеткілікті жоғары деңгейін, сайлау науқаны механизмдері мен тактикасын жақсы түсінгендерін көрсетті.
Сонымен бірге, бұдан бұрын Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында ҰҚСК мүшелерінің көшпелі отырыстары аясында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына дайындық барысы мен ауылдарды дамыту мәселелері талқыланған болатын.
Мұрат Әбенов, Төлеутай Рақымбеков, Марат Башимов және Максим Рожин өңірлерге барған сапарларына қатысты өз бағаларымен бөлісті.
Сондай-ақ, өңірлерден келген ҰҚСК мүшелері Ләззат Қожахметова, Бөріхан Нұрмұхамедов, Таттыгүл Талаева, Уайс Ерсайынұлы және Айгүл Орынбек жергілікті жерлерде ауыл әкімдерін сайлаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдағы алтыншы отырысында да ауыл әкімдері сайлауын өткізу бойынша ұсыныстар топтамасы ұсынылады.