Биыл алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Осы орайда сайланған ауыл әкімдерінің 50%-дан астамы осы лауазымға жаңадан келіп отыр екен. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыл әкімдерін сайлауы шілдедегі шаруамен біткен жоқ. Әр апта сайын еліміздің белгілі бір ауылында әкім сайлауы өтіп жатыр. Бүгінде елімізде 2300-ден астам ауыл әкімі бар. Биыл шілде де 730 ауылдың әкімі сайланды. Одан бері тағы 100 ауылдың басшысы қайта таңдалды. Осылай жалғаса береді. Өйткені, сайлау ауыл әкімінің қызметтік мерзіміне байланысты өтеді. Осы орайда сайланған ауыл әкімдерінің жаңаруы 52 пайызды құрап отыр. Яғни әкімдердің 50 пайыздан астамы жаңа адамдар. Мысалы, кеше ғана жаңалықтардан оқыдым Талғардың әкімі болып дәрігер маман сайланған», - деді Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Президент көмекшісі өзін-өзі ұсынып, халықтың қолдауына ие болып сайланған ауыл әкімдерінің де барын айтты.
«Осылайша Мемлекет басшысының бұл реформасы ел басқаруға ниетті азаматтар мен ауыл халқының үнімен санасуға мүмкіндік берді. Сайлаудан бөлек, ауыл әкімдігі аппараты қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруде назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта 1 мыңнан астам қызметкер өз білімін жетілдірді. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің жалақысы да өсті. Бұрын олардың айлығы 130 мың теңгені құраса, қазір 400 мың теңгеге жуықтайды», - дейді ол.