07 мау, 2022 сағат 01:14

Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шұғыл-тергеу тобы К.К.Мәсімов, А.Т.Садықұлов, Д.Е.Ерғожин және өзге де тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігі, 179-бабы 3-бөлігі, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 366-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. 

2022 жылдың 31 мамырында Мәсімов пен Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 шілдесіне дейін, Ерғожинді 2022 жылдың 13 шілдесіне дейін ұзартылды», - деді ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен. 

Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі осыған дейін бірнеше рет ұзартылған болатын. Бұған дейін сот санкцияны 2022 жылдың 6 маусымына дейін берген еді.

Еске салайық, биылғы 6 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатылып, 8 қаңтарда өзге тұлғалармен бірген уақытша оқшаулағышқа қамалды. Олардың үстінен мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық ісі «өте құпия» белгісімен тергеліп жатыр.

22 ақпанда ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Өсіпов М.С. ұсталды. Оған қатысты қамауда ұстау шарасы қолданылды.

ҰКК-ның экс-төрағасы қазақстандық бизнес қауымдастықтарынан және шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, қомақты ақшалай қаражат алды деп айыпталып отыр.

Сондай-ақ Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде 5,1 млн АҚШ доллары алынды.

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.