Астанада олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша республикалық федерациялардың қатысуымен өткен отырыста жекпе-жек түрлері қауымдастығының президенті болып Кәрім Мәсімов сайланды, деп хабарлайды Sputnik.
Отырыста олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша барлық республикалық федерацияларды бір қауымдастық аясына жинау мәселесі қарастырылды. Кездесуге республика бойынша аккредиттелген 20 федерация өкілі келді, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Отырыста қауымдастықтың президенті сайланып, басшы құрамы бекітілді. Ортақ шешіммен ұйым президенті болып Кәрім Мәсімов сайланды, бірінші орынбасары қызметіне Әнуар Садықұлов тағайындалды, бас хатшы міндетін Фархат Аманқұлов атқарады. Бұдан бөлек, ұйымның вице-президенттері болып Нұрлан Ермекбаев, Рапиль Жошыбаев, Тәжімұрат Найзабеков, Серік Жарасбаев сайланды.
Қауымдастық төрт бағыт бойынша жұмыс жасайды: каратэ, жекпе-жек, қоян-қолтық жекпе-жек, аралас жекпе-жек ММА.