Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов алқабилер сотына жүгіне алмайды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер Ә.Жүкеновтен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасының алқабилер сотына жүгіну мүмкіндігі туралы сұрады.
«Оған қатысты қозғалып жатқан істер бойынша алқабилер сотына жүгіне алмайды. Атап айтқанда, алқабилер сотына жатпайтын істердің санаты бар», - деді Әбдірашит Жүкенов.
«Бұл бағыттағы қадамдар заңмен реттелуі керек. Біз заң аясында жұмыс істейміз. Заң өзгерсе, негіз болады. Қазір бұл істер құпия қаралады және құпия түрде сақталады. Менің ойымша, іс бойынша тиісті ақпарат жарияланады. Кез келген мемлекетте ұлттық қауіпсіздікті қорғау бар және мемлекет кейбір ақпаратты құпия сақтауға құқылы», - деп түйіндеді ол.