26 жел, 2020 сағат 11:00

Қаражатты инвестициялауды ұсынатын компаниялардан қандай қауіп болуы мүмкін?

Интернетте жоғары пайызбен қаражатты инвестициялауды ұсынатын компаниялардан көптеген жарнама орналастырылған. Бұл fingramota.kz жүргізілген талдау нәтижесінде анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Интернетте жоғары пайызбен қаражатты инвестициялауды ұсынатын компаниялардан көптеген жарнама орналастырылған. Сонда бұл депозитпен салыстырғанда өте тиімді болғаны ма? Бұлар алаяқтар немесе қаржы пирамидалары болу мүмкін бе?», - деген сауал жиі қойылған екен. 

Бұл тұрғыда мамандар бұл сұраққа жауап ретінде бірінші кезекте қандай мәселеге назар аудару керектігін түсіндірді. 

«Біріншеден, тіркелуі және белгілі бір қызметті жүзеге асыруға лицензиясының болуына назар аударған жөн. Егер ұйым Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмесе, оған ақша салу тәуекелі өте жоғары болады. Егер кірістілік туралы айтатын болсақ, онда жоғары (нарықтық деңгейден әлдеқайда жоғары) кірістілік – бұл алаяқтық схемаларының ықтимал белгілерінің бірі», - деп түсіндірді мамандар. 

Қаржы пирамидаларының бірнеше белгілері бар, оларға назар аудару керек, олардың негізгілері:

1. Міндетті кіріс жарнасы;

2. Төлемдер алу үшін жаңа қатысушыларды тарту;

3. Кейіннен басқа салымшылар салған ақшадан жаңа қатысушыларға сыйақы төлеу;

4. Салынған қаражаттан негізсіз жоғары кірістілікке уәде беру;

5. Салынған қаражаттың сақталуына кепілдіктің болмауы;

6. Ұйым қызметінің түрі анықтамасының, оның жарғысының, ресми тіркелуінің болмауы;

7. Ұйымның қаржылық жағдайы туралы қандай да болсын ақпараттың болмауы;

8. БАҚ-та, интернеттегі жарнама үлесінің көптеп кездесуі;

9. Әртүрлі бағдарламалардың қатысушыларына қымбат сыйлықтар тапсыра отырып, ойын-сауық жарнамалық шоу-таныстырылым науқандарын ұйымдастыру;

10. Кіріс көздерінің, қаражат айналымының, бизнес-процестердің айқын емес құрылымдары және басқасы.

«Осылайша, егер сіз өз ақша қаражатыңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда аталған белгілердің барлығы немесе бірнешеуі бар болса, онда шығынға тап болатын «қаржы қақпанына тартуға әрекет жасап жатқан жоқ па» деп ойлануыңыз керек», - деп түсіндірді мамандар.

Айта кетейік, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильді қосымшаны іске қосты. Бұл қаржы реттеушісінің халықпен және бизнеспен өзара іс-әрекетінің ыңғайлы құралы.