15 мау, 2022 сағат 15:08

"Қаражат елге қайтарылады" – Қошанов


Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтару оңай жұмыс емес. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыртқа кеткен қаражатты қайтаруға қатысты тиісті комиссия құрылғанына тоқталған Е.Қошанов: «Сол комиссия екі аптада бір рет Президентке есеп беріп отырады. Сондықтан осы комиссия жұмысының нәтижесін күту керек. Шетелге кеткен ақшаны қайтару оңай жұмыс емес. Себебі оның заңсыз шығарылғанын дәлелдеу керек», - деді. 

Осы орайда ол мұндай заңсыз әрекеттері үшін кез келген адам заң алдында жауап беретінін айтты. 

«Заң алдында барлығы бірдей. Егер заңсыз шығарылған қаржы болса, кез келген адам заң алдында жауап береді. Осы орайда қаражат елге қайтарылады. Бірақ бұл іс-шаралардың тиісті жолдары бар. Сондықтан заңсыз шығарылған қаражатқа қатысты лауазымды қызметкерлер және басқа да адамдар жауап беретін болады», - деді Мәжіліс төрағасы.