Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылы – аудан орталығы Шолаққорғаннан жүз тоқсан шақырым шалғай жерде орналасқан, Созақ елінің күнбатыс шетіндегі ең соңғы елді мекендердің бірі. Бетпақдаланың Қаратау сілемдерімен түйісетін тұсындағы кішкентай ғана ауылда сексенге таяу үй бар, 500-ден аса жан тұрады. Шағын ауыл болғанмен, бұл – көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туған ауылы. Ауыл іргесіндегі биік жотаның басында алыстан ақ сағымға оранып, Дешті Қыпшақ даласының Эйфел мұнарасы – Ақсүмбе немесе Ақбикеш менмұндалайды.
Осыдан он шақты жыл бұрын «Хабар» арнасы Президентпен тікелей эфир байланысы кезінде Қаратау ауыл әкімшілігіне қарайтын Ақсүмбе ауылының бір топ тұрғынының Елбасы Н. Назарбаевты қонаққа шақырғанын көрсетті. Бұл – Ақсүмбе мұнарасының маңына шоғырланған ел жақсыларының сайлау алдында Елбасыны құшақ жая қолдағаны болса, бір жағынан, ғасырлар тезінен аман-есен өткені болмаса, бүгінде әбден мүжіліп, құлауға айналған көне мұнараны қамқорлыққа алудан туындаған еді.
Сұлтанбек Қожанов атындағы 120 бала оқитын бір қабатты мектептің тұсынан биік шоқының ұшындағы Ақбикеш мұнарасы көзге анық шалынады. Атақты Шәмші Қалдаяқов Теріскейге бір соққанында арнап ән жазған Ақбикешіміз – осы. Сөзін ақын Сабырхан Асанов жазған, әнші Нұрғали Нүсіпжанов орындайтын «Теріскей» әнін айтып отырмыз. «Ақбикеш Сарыарқаға сәлем айтар, Қаптаған Қаратаудан бұлақтардан» деген жолдар еріксіз көкірегіңе құйылады.
Жота басында қазақ даласын қас қақпай күзетіп тұрғандай, ақ керіш топырақтан құйылған қам кірпіштен тұрғызылған мұнараны жергілікті халық «сүтке илеген, арасына ту биенің құйрығын турап салған» дейді. Негізінде, бұл биік мұнараны бір заманда алыстан жауды бақылау үшін тұрғызылған қарауылхана деген болжам айтылады. Бажайлап қараған адамға да тап сондай ой келеді. Мұнараның солтүстікке қарайтын терезе-тесігі мен басына көтерілетін бұрандалы тепшек жолы бар. Оған шығып бірнеше жаққа бағытталған тесігінен қараған адамға 50 шақырымға дейінгі сардала жазықтың бәрі алақандағыдай көрінеді.
Бұл көне мұнара қалайша Ақсүмбе аталған десек, қазақ найзаның ұшын «сүме» дейді, алыстан ақ сағымға оранып, сүйір ұшы найзадай шаншыла біткендіктен солай аталған болуы керек. Сондай-ақ моңғолша «сүм» деген сөз қазақша «ғибадатхана» деген мағына береді. Соған орай Ақсүмбеде арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі шығыстанушы В.Бартольд мұнара атауын будда дін-мәдениетімен байланыстырады. Ақсүмбенің Ақбикеш аталуы туралы ел аузында аңыз көп. Ақсүмбелік ақсақалдардың айтуынша, сондай аңыз-әфсаналардың бірі мынадай: Ақсүмбе деген батыр қалмақтың Ақбикеш деген сұлуын соғыстан еліне олжалап алып келіп, өзіне еріксіз жар етеді. Қатты қапаланған қыз бір жылдан соң құсадан қайтыс болады. Сөйтіп, қыз мұнараның ішіне жерленіп, ел содан былай мұнараны «Ақбикеш» деп атап кеткен көрінеді. Төмендегі ауыл батырдың есімімен Ақсүмбе аталыпты.
Бұл жерде сақталған көне қала орнында кезінде ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан зерттеу жұмыстарын жүргізген. Әйгілі ғалымның айтуынша, бұл мұнара ХII-ХIII ғасырларда, моңғол шапқыншылығының алдында тұрғызылуы мүмкін. Белгілі археолог Карл Байпақов «Қазақстанның ежелгі қалалары» деген кітабында Ақсүмбеге 1390 жылдары Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қарсы жау әскерін бақыласа керек. Яғни, әскери-қорғаныс мұнараның басына от жағып, жаудың жақындағанынан хабар берген. Шамшырақ арқылы ұрыс кезінде басқа да маңызды хабар берілген болар.
Шараф ад-дин Али Иазди деген жылнамашы өзінің Әмір Темірдің жорықтары туралы жазылған «Зафарнама-и- Тимури» кітабында былай дейді: Темірдің қолы Отырарға келгенде, Темір бірнеше кісіні Қаратауға жіберіп, Әділшені іздетті. (Әділше Бәхрам жалайыр – Темірдің Қамар-ад-динге қарсы жіберген адамы, кейін өзіне қарсы шығып кеткен) Әділшені Ақсүмбеде ұстап, сол жерде басын кеседі. Ақсүмбе осы жерден Дешті Қыпшақ жағын бақылайтын Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сорайып тұрған мұнара». Сондай-ақ «Зафарнамада» әйгілі Әмір Темірдің Ақсүмбеде шатыр тігіп түнегені айтылады.
Зерттеушілердің жазуынша, Ақсүмбе әскери қарауыл мұнарасы заманында жалғыз болмаған. Кезінде Қаратаудан Ұлытауға дейін отпен белгі беретін осындай жеті мұнара тұрғызылған секілді. Солардың ішінен осы күнге дейін бұзылмай, дін-аман сақталып жеткені – жалғыз осы Ақсүмбе мұнарасы. Тарихшылардың жазуында ХІІІ ғасырда тұрғызылған мұнараның биіктігі – 25 метр және ені 14 метр болған. Қазір биіктігі 11 метрге, ені 7 метрге түскен. Сан ғасырдан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.Төбесін жел мүжіген, қабырғасын жаңбыр шайған, лайы ағып, жартылай бұзылып, жерге шөгіп кеткен.
Атақты археолог Кемел Ақышев ағамызға тосын сұрақ қойып: «Кемел аға, егер Ақсүмбе мұнарасы құласа не болар еді?» – дегенде ол кісі: «О, шырақтарым, Құдай оны басқа салмасын, онда бүкіл Дешті Қыпшақ даласы құлазып қалады ғой», – деген екен.
ХIII ғасырдағы сәулет ескерткіші Оңтүстік Қазақстан облысының 2006-2008 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасына Ақсүмбе әскери қорғаныстық және табынушылық сәулет ескерткіші ретінде енгізілгенмен, сол кезде реставрациялау мен консервациялау жұмыстары жүргізілмеген. Одан кейін облыс әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген.
Мемлекеттік тізімге енгізілгенмен, мемлекеттен көмек ала алмаған ауыл тұрғындары қайбір жылы мұнараның төрт жағына баған орнатып, темірден қалқан тұрғызбақ болыпты. Бірақ жерді тесіп бұрғылағанда мұнара құлап кетер деп қорыққан. Екіншіден, былтыр Созақ ауданының Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекеніндегі «Ақбикеш» мұнарасына жергілікті халықтың жұмылуымен уақытша қаптау жұмыстары жүргізілді.
Осылайша, тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылған.
Бұл амалсыздықтан туған жанашырлықты дұрыс-ақ дейік, бірақ ауыл тұрғындарына «Мемлекет қамқорлығында» делінген мемлекеттік тізімдегі тарихи мұраны өз беттерінше қаптауға кім рұқсат берген? Ол қаптаған көк шатырдың химиялық құрамы сараптама арқылы тексерілген бе? Қаншалықты зиянды, зиянсызы ғылыми жағынан дәлелденген бе? Оған бас қатырып жатқан жоғарыда ешкім жоқ. Ғалымдар қайда, осыған жауапты мекемелер не бітіріп отыр? Естуімізше, іші буланып жатқанға ұқсайды. Оны да ашып көріп жүрген алыс аудандағы ауыл тұрғындарының өздері. Міне, күн жылынып, көктем шығып келеді. Қазірдің өзінде іші буланып жатса, тарихи нысанның күн ыстықтағы кеуіп кеткендегі жағдайы қалай болмақ?! Дала желімен түлеген түйенің жүніндей желбіреген көк шатырды (қытайдың көк палаткасы) шешіп алудың мерзімі жеткен жоқ па?!
Әрине, қазіргі таңда «Ақбикеш» мұнарасын сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілген. Аталған қорға «Қаратау» ЖШС-ның басшылығы көлемді қаржы аударатынын жеткізіп, өзге өндіріс орындарын да қолдау көрсетуге шақырыпты. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де болашақта тарихи құндылықты қайта жөндеп, қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаты да дайын. Алайда Бюджет кодексіне сәйкес арнайы бағдарламаның жоқтығынан оған жергілікті қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмай отыр. Жоғарыға хат жазып, аттандап жүрген ауыл зиялыларының айтуынша, Мәдениет министрлігі «Бізде бөлінген ақша жоқ, «Қазатомпром» демеуші болсын» десе, «Қазатомпром» басшылығы «бізде қазір басы артық ақша жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отырғанға ұқсайды.
2019 жылы Сталиннің өзін сөзден тосылтқан от ауыз, орақ тілді Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығы республикалық көлемде тойлануы күтілуде. Оған да екі жыл қалды. Сол кезде Сұлтанбек туған Ақсүмбе ауылы алыстан ат арытып келген ардақты ағайынға көненің көзі – өмірдің өзін әспеттеп көрсете ала ма деген күдік бар. Оған дейін шыдаса жақсы. Әбден шөгіп, мүжіліп құлауға айналған мұнарада әзірге ықылым заманның көзіндегі үміт шоғы жылтырайды. Алыстан атажұртты күзетіп, от басында шошайып қалған көк жаулықты анаға ұқсайды.
Төреғали ТӘШЕН,
"Айқын" газеті