Қазақстанның Қарулы Күштерінде «Қаратау-2017» ірі ауқымды жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы басталды.
«Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік дайындық!» ұранымен ағымдағы оқу жылы тактикалық оқу-жаттығуларына, әртүрлі бөлімдер мен бөлімшелердің халықаралық сайыстарына және тосыннан жүргізілген тексерулер кезеңіне толы болды.
Сонымен, жауынгерлік әзірлікті арттыру бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар шеңберінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың бұйрығы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде жедел-стратегиялық оқу-жаттығу басталды. Оған 10 мыңға жуық әскери қызметші, 1500 бірліктен аса жауынгерлік техника, 40-тан астам ұшақ пен тікұшақ, сондай-ақ Әскери-теңіз күштерінің 5 кораблі қатысуда. Техника мен қару-жарақтың бір уақытта шығуымен мұндай ауқымды іс-шаралар биылғы жылы алғаш рет өткізіліп отыр. Өткізіліп жатқан сабақтардың басты мақсаты әскерлердің жауынгерлік әзірлігін және белгіленген мерзімде тапсырмаларды орындау қабілеттілігін тексеру болып табылады. «Қаратау – 2017» оқу-жаттығуына жетекшілік ету Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының басшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевке тапсырылды.
Әскерлердің шоғырлану аудандарына кенеттен жылжуы, жауынгерлік қолданудың бейтаныс аудандарына бірнеше жүздеген шақырымға марш жасауы, шартты дағдарыс ауданында әуе десантын түсіру Қарулы Күштер өңірлік қолбасшылықтарының әскери полигондарында өтетін «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері болып табылады. Оқу-жаттығудың барысы мен процесін Бас штабтың жедел топтары бағалайтын болады.
Алғашқы күнде барлық түрлер мен әскер тектері әскери бөлімдері мен құрамаларының жеке құрамы жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілді. Әскери басқару органдары жауынгерлік әзірлікке келтірілгеннен кейін оқу-жауынгерлік тапсырмаларды алып, белгіленген аудандарда бөлімшелерді жедел алмастыруға кірісті. Аталған кезеңде күрделі жедел-тактикалық жағдай қарастырылған. Ол бойынша қолбасшыларға анағұрлым мақсатқа сай шешім қабылдауға, ал бөлімдер мен бөлімшелерге ұрыс алаңында шартты қарсыласқа шебер түрде қарсы тұру қажет.
Дағдарыс аудандарына іргелес жатқан аумақтарда әскерлердің іс-қимылдарын бір уақытта қамтамасыз ету үшін саны 200 адамнан асатын тактикалық әуе десанты түсірілді. Сәтті түсіруден кейін десанттық-шабуылдау батальоны алдыңғы позицияға орнығып, мотоатқыш және танк бөлімшелерін әрі қарай өрістету үшін жерді бақылауды жүзеге асырады. Оқу-жаттығу басталысымен әскерлерді басқару далалық басқару пункттерінен жүргізіліп жатқанын айта кету қажет. Бүгінгі таңдағы басқару пункттері барлық қажетті байланыс түрлерімен жабдықталған. Бүркемелеу мен қорғалудың жеткілікті деңгейіне ие. Бұл ұзақ уақыт бойы автономдық жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығудың жетекшісі генерал-лейтенант Мұрат Майкеев атап өткендей, аталған оқу-жаттығудың ерекшеліктері 4 бағытта, бір уақытта әскерлердің ірі топтамасын басқару, Қарулы Күштердің барлық түрлерінің, әскер тектері, жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдерінің өзара іс-қимылы, сондай-ақ әскери барлау күштері мен құралдарының мүмкіндіктерін тексеру болып табылады.
«Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы Қарулы Күштерді қолдануда жаңа көзқарастардың тиімділігін түбегейлі тексеруге, жалпы алғанда, Қазақстан армиясы бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігін бағалауға және ұлттық қорғанысты әрі қарай жетілдіру жоспарларын айқындауға мүмкіндік береді.
Әскери ведомство басшысы биылғы жылы «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік дайындық!» ұраны толық көлемде орындалатынына және оқу жылын әскерлер жауынгерлік даярлықтың сапалы жаңа көрсеткіштерімен аяқтайтындарына сенім білдіреді.
Нұрлыбек Досыбай