Қаратал ауданының экономикасына 8 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен Қаратал ауданы әкімінің есепті кездесуінде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу алдында аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев аудандық мәдениет үйінің фойесіне қойылған көрме арқылы 2019 жылдың көрсеткіштері мен 2020 жылдың жоспарлары туралы ақпараттармен таныстырды.
Мәселен, 2020-2025 жылдары ауданда бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Олардың қатарында ет және шұжық өнімдерін шығаратын, балық өсіріп, өңдейтін, мұнай өңдейтін нысандар, сол сияқты 20 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен қуаты тәулігіне 5,95 МВт болатын күн электр стансасы бар.
Халық алдында баяндама жасаған аудан әкімі негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 8 млрд. 688 млн. теңге болғанын, оның 992,4 млн. теңгесі ауыл шаруашылығына тартылғанын атап өтті. Бұл ретте өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд. 762 млн. теңгені құраған. Шағын және орта бизнесте де жетістіктер бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл салада 16 млрд. 700 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Қ. Бұлдыбаев ТҮКШ саласына, соның ішінде халықты қолжетімді тұрғын үймен, сапалы ауыз сумен, газбен қамту шараларына да тоқталды.
Мәселен, қазіргі кезде «Алматы Продакшн Консташн Инвест» ЖШС газдандырудың тарату желісі құрылысының және блок-модульді қазандықты орнату жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауда. Үштөбе қаласын газ құбырына қосу 3 кезеңмен жүргізіледі. Соның нәтижесінде Үштөбе қаласы мен Бастөбе ауылының тұрғындары орталықтандырылған газ жүйесіне қосыла алады. Сонымен қатар «Алматы Продакшн Консташн Инвест» ЖШС Қанабек, Жаңаталап, Ескелді би, Қызылжар ауылдарына газ жүйесін тарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойса, Ортатөбе, Оян, Кәлпе, Көкдала, Тастөбе елді мекендеріне осындай құрылыстар жүргізудің ЖСҚ-сын дайындауда.
Баяндамашы өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, сол сияқты жұмыспен қамту және жол жөндеу бағыттары бойынша да хабардар етті.
Мысалға, биылғы жылы ауданның автокөлік жолдарына орташа жөндеу жүргізуге 260 млн. теңге бөлінген. Сол сияқты Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік бағытындағы облыстық маңыздағы 28,2 км автокөлік жолын жөндеуге тағы 471 млн. теңге бөлінген. Бұл жұмыстар биылғы жылы жүзеге асырылады.
Аудан әкімінің сөзінен кейін тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Соның бірі аудан тұрғыны Валентина Спиридонова «Үштөбе қаласының арық жүйелері жаңғыртыла ма?» деген сұрақ қойды. Ол арықтардың қазіргі жағдайы халықты суармалы сумен қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін де жеткізді. Сол сияқты қалалық кәріз жүйелері де жөндеуді қажет ететінін айтты.
Осы сұраққа жауап берген Қ. Бұлдыбаев, арық жүйелерін қайта жаңарту жобасы дайындалып жатқанын, оны толық жаңғырту үшін 500 млн. теңге керек екенін тілге тиек етті. Ал кәріз жүйелерін жөндеу нақты жоспарда бар.
Ауыл шаруашылығы жерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін Серікжан Бақытұлы көтерді. Сол сияқты тұрғындар блок-модульді қазандықтардың қалай жұмыс істейтінін, оны іске қосу процестері қалай жүретінін де сұрап білді. Оған қоса оқушылар үшін қолайлы болатын жаңа автобус маршруты қосылса деген тілектерін де жеткізді. Ардагерлер Үштөбеде Жастарға қызмет көрсету орталығы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынғанын қалайтындарын айтты.
Жиында қорытынды сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов ауданның оң даму динамикасын, соның ішінде инвестиция тартудағы жетістіктерін атап өтті. Сол сияқты облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де тоқталды.
А. Баталовтың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы экономикалық өсім 4,5 % құрап, жалпы өңірлік өнім 3 трлн. теңгеге жеткен. 48 мың жұмыс орны құрылған, соның 31 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Облыс экономкасының даму қарқынын одан әрі өсіру мақсатында 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфель қалыптастырылған, онда жалпы құны 4,9 трлн. теңге болатын, 40 мың жұмыс орнын құратын 422 жоба бар.
Жалпы Қаратал ауданын дамытуға өткен жылы 736,6 млн. теңге бөлінген. Соның ішінде 81 млн. теңге – инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, 289 млн. теңге – тұрғын үй құрылысы мен сумен қамту жұмыстарына, 385,5 млн. теңге – абаттандыру мен жол жөндеуге бөлінген. Биылғы жылы ауданды дамытуға 1,2 млрд. теңге бөлініп отыр.
Аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берген Амандық Баталов, Үштөбе қаласындағы арық және кәріз жүйелерін жөндеуге қаржы кезең-кезеңімен бөлінетінін айтты. Сол сияқты облыста жалпы ұзындығы 16,7 мың шақырым болатын ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге ерекше назар аударылуда. Өңірде 1 миллионнан 19 млрд. текшеге дейінгі барлығы 114 су қоймасы бар.
- Ауыл шаруашылығы жерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Мәселен, Қызылағаш плотинасын қалпына келтіру арқылы 7 мың га суармалы жерді айналымға қосамыз. Сол сияқты Сарқан ауданындағы Покатиловка су қоймасын жоспарға сай қалпына келтірсек, бұл тағы 24 мың га жерді айналымға қосуға мүмкіндік береді. Ал Үштөбе қаласына Жастарға қызмет көрсету орталығын салу туралы мәселеге байланысты, оның үлгі жобасы дайын. Құрылысын биыл бастауды тапсырамын. Сол сияқты ДСО-ның да жақсы, қызықты жобасын дайындаңдар. Оған қоса биылғы жылы аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау керек. Ауданды газдандыру бойынша жұмысты қузап, сапалы газмен қамтамасыз етуді тапсырамын. Елді мекендерді дамытуда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қосар үлесі зор. Биыл бұл бағдарламаға облысымыздың 21 ауылы еніп отыр. Ең бастысы, бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін ауылдық елді мекендерді көркейтуге тиімді пайдаланыңдар. Біз бірлесе отырып, алдымызға қойылған барлық міндеттерді оң шешеміз деп ойлаймын, - деді А. Баталов.
Кездесу азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен жалғасты. Облыс әкімінің қабылдауына жазылған 10 адам өз сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды.
Үшкөмей ауылы мен Үштөбе қаласының аралығындағы 3 шақырымдық жолды жөндеу, Алмалы ауылындағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияға, А.Пушкин атындағы мектепке күрделі жөндеу жасау, Кәлпе ауылындағы мектепке дейінгі шағын орталықтың жұмыс уақытын ұзарту, Байшегір және Қызылбалық ауылдық округтерінде өртке қарсы қызмет пункттерін ашу, қаз фермасын ашуға қолдау көрсету – осы және өзге де мәселелер азаматтарды қабылдау барысында талқыланды. Әрбір өтініш бойынша Амандық Баталов аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына тапсырма беріп, бұл мәселелердің орындалуын бақылауына алатынын айтты.