18 нау, 2022 сағат 11:40

Қарашөкеев: Өңірлерге арзандатылған дизель отыны биыл 20 мың тоннаға көп бөлінеді


ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отырысында биылғы егіс жұмыстарына тұқым әзірлеу қалай ұйымдастырылып жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мынадай шаралар қабылдауда. 

Егіс науқанын уақтылы және сапалы жүргізу үшін министрлікте көктемгі дала жұмыстарының барлық туындаған проблемалық мәселелерін жедел шешуге күш салатын Жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол министрлік өңірлермен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым мен тыңайтқыштардың дайындығын қайта тексеруге кіріскенін атап өтті.

«Қазіргі таңда техника дайындығы 95 пайызды құраса, көктемгі дала жұмыстары жаппай жүргізіле бастаған уақытқа 100 пайызды құрамақ», - деген министр фермерлерді арзатылған жанармаймен қамту мәселесіне тоқталды.

«Өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 12-15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна бөлінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға көп. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы құйылды. 

Қазіргі уақытта импорттық тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталуда. Бұлар – Ресейден келетін 19,5 мың тонна жүгері, бидай, арпа және қара бидай тұқымы және Еуропадан жеткізілетін 80 тонна жүгері мен қант қызылшасының тұқымы», - деді Ербол Қарашөкеев.