15 нау, 2022 сағат 13:15

Қарашөкеев: Картоптың былтырғыдай қымбаттауына жол бермейміз


Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев картоп бағасы былтырғыдай қымбаттамайтынына сенімді екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қазір картоп бойынша қажеттіліктерімізді өзімізде бар жиынтықпен толықтай жауып отырмыз. Сәуір айында өзімізде өсірілген жас қырыққабат сөреге түседі. Қажеттілікті соның есебінен жабамыз. Тек картоп бойынша жетіліп үлгермей ме деп қауіптенген едік» - деді министр Үкімет отырысынан кейін кулуарда. 

Ербол Қарашөкеев картоп тапшылығының алдын алу жұмыстары былтырдан бері жүріп жатқанын еске салды.

«Өзбекстаннан 20 мың тоннадан кем емес жас картопты қалыпты бағамен әкелу үшін келіссөздер жүргізгенбіз. 2020-2021 жылғы маусымдағыдай картоп бағасының 800 теңгеге дейін баруына биыл жол бермейміз», - деді ол. 

Ведомство басшысы салалық Ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай бірнеше ауылшаруашылық өнім түгелдей өзімізде өндірілетінін атап өтті.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жобасын қабылдадық. 2025 жылға дейін ірімшік, сүт, қаймақ, ет сияқты бірқатар азық-түлік өнімін өз өнідерімізбен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға жеткіземіз. Қант бойынша 80 пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз етеміз», - деді Ербол Қарашөкеев.

Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаны бақылау жұмыстары Бас прокуратурамен бірге атқарылатынын мәлім етті.

«Баға мәселелерінде, әрине, дайын өнімнің сауда үстемесі болады. Бізде сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауы қажеттігі туралы норма бар. Бұл жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі мәселе. Тиісті жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда Бас прокуратурамен бірге бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін ірі көтерме сауда нарықтарын тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді – деді министр.