10 жел, 2020 сағат 10:45

Қарашада жылдық инфляция 7,3 пайызға дейін артты

Қарашада жылдық инфляция 7,1 пайыздан 7,3 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосуда. Өсімдік майы, қант секілді жекелеген тамақ өнімдері нарықтарындағы теңгерімсіздік күшейіп, азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 10,7 пайыздан 10,8 пайызға дейін ұлғайды», - деді Ерболат Досаев. 

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, киім бағасының 4,7% өсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6%-дан 5,7%-ға дейін үдеді. ТКШ реттелетін қызметі, мәдениет және демалыс саласындағы қызмет бағасының өсуінен ақылы қызмет инфляциясы 3,7%-дан 4,1%-ға дейін үдеді. 

Сонымен бірге, Е.Досаевтың айтуынша, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі қараша айында 48,8-ден 49,4-ке дейін өсті. Бұл құрылыс көрсеткішінің 52,5-ке дейін 4,9 тармаққа жоғарылауымен байланысты. Өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында жағдай өзгерген жоқ, мұндағы индекстер 49,6 және 48,7-ні құрады.