09 жел, 2020 сағат 09:42

Қараша айында 2300-ден астам алтын құйма сатылды

2020 жылдың қарашасында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 74,1 келі, 2 327 құйма сатып алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Ал жыл басынан бері жалпы салмағы 1,45 тонна болатын 40 081 алтын құйма сатылды. 

Алтын құймалардың бес түрі бар: 5, 10, 20, 50 және 100 грам салмақта болады. Ең көп сатылғаны - 10 грамдық құйма. Сатылған барлық құйманың ішіндегі оның үлесі 25%, яғни, 10 199 дана болып отыр. Одан кейін 20 грамдық – 9 061 дана (23%) және 100 грамдық құйма – 8 863 дана (22%), 5 грамдық – 7 001 дана (18%), 50 грамдық құйма – 4 957 дана (12%). 

Құймаларды сатып алу жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр (54%). Одан кейін Атырау (13%), Нұр-Сұлтан (11%) және басқа өңірлер (22%) алған. 

Кері сатып алуға жалпы массасы 3,3 кг 129 өлшеуіш құйма ғана қайтарылды. Алтын құймалар – инвестициялаудың сенімді құралы бола алады. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы. 

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады. 

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт), сонымен бірге құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және қаптамасының ашылған-ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныш қаптамасы да құйма сапасының сертификаты саналады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтап, қаптамасын ашпаған дұрыс. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі халық үшін тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу Бағдарламасын 2017 жылы іске қосты.