23 жел, 2022 сағат 19:33

Қараша айында 2 500-ден астам алтын құйма сатылды

Фото: inform.kz

Қараша айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 81,6  келіге тең 2 516 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық Банк азаматтарға тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,76 тоннаға жуық 110 591 алтын құйма сатылған.

Құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 28 389 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 24 082 дана (22%) және 20 грамдық құйма - 22 721 дана (20%), 100 грамдық құйма – 22 573 дана (20%), ал 50 граммдық құймадан – 12 826 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

"Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғалы бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 453 келі 17 999 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 16,3%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. 

Қазір алтын құймаларды бірқатар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады" - делінген хабарламада.