«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Даму» қоры арқылы субсидияланған жобалардың кредиттік портфелі - 338,6 млрд теңге. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпара.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры 509 жобаны субсидиялады. Ең көп қаржыландырылған жобалар азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдары мен металл бұйымдарын, пластмасса, жиһаз және киім өндіру салаларында. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Даму» қоры арқылы субсидияланған жобалардың кредит портфелі 338,6 млрд теңгені құрайды. Кредит портфелінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі», - деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қолдаумен қамтылған кәсіпорындарды мониторингілеу нәтижесі оң динамиканы көрсетеді.
Биыл бұл кәсіпорындар табысты және төленген салық көлемін сақтап қана қоймай, сәйкесінше арттырды.
«Осы жылы жылы кредиттеудің барлық бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау көлемі айтарлықтай артты. Осылайша, қолдау көрсетілген кредит портфелінің сомасы 2 трлн теңгеге жетті және ол 34 мыңнан астам жобаны қамтиды. Жалпы, кредиттеу бағдарламалары дайын отандық тауар өндіруді ынталандырып, оң макроэкономикалық ықпал етуде», - деді министр.