31 нау, 2020 сағат 09:02

Карантин режімі: Елордада 30 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды

Елордада карантин режімін бұзғаны үшін 30 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«30 наурыздан бастап төтенше жағдай режімі күшейтілді. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті инфекция таралуының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Патрульдік полиция жасақтары көбейтілді. Азаматтардың және автокөліктердің қозғалысы қаланың барлық ауданында қатаң бақылауға алынды. Полиция қызметкерлері қалада тәулік бойы қызмет атқаруда», - деді Е. Сәденов «Хабар 24» телеарнасында өткен онлайн брифингіде.

Оның сөзіне қарағанда, қалада 26 мобильдік бекет қойылып, олар автокөлік қозғалысы бойынша жұмыс істеуде. 

«Тек кешегі күні 1 500-ге жуық жүргізуші және 200-ден астам жаяу жүргіншімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 30 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды», - деді департамент басшысы. 

Айта кетейік, 28 наурыздан бастап елордада азық-түлік алуға, медициналық қызметтің көмегіне жүгінуге немесе дәрі-дәрмек сатып алуға, сондай-ақ жұмысқа баруға шыққан адамдарға көшеге шығуға рұқсат етілген. Кәмелет жасына толмағандарға ересектердің қарауынсыз қала ішінде жүруге болмайды.