18 нау, 2020 сағат 15:40

Карантин: Нұр-Сұлтанда блокпосттар қай жерлерге қойылады

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов қала маңындағы арнайы бекеттердің жұмысын баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұр-Сұлтан қаласына автокөлік құралдарының кіруіне және шығуына шектеу енгізілді. Қалаға кіретін барлық жерлер жабылып, 6 арнайы қадағалау бекеті қойылды. Оларда тәулік бойы Қорғаныс министрлігінің әскерлерімен бірге полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Бекеттер елорда маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Талапкер, Қараөткел, Қоянды ауылдарының маңында орналасқан», - деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен бірге, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Павлодар қалалары мен Ақмола облысының Қорғалжын және Қабанбай батыр ауылдары сынды барлық бағыттағы автожолдарда қозғалыс шектеледі.

«Бұған дейін қала аумағынан шығып кетіп, қайта оралған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына ғана басымдық беріледі. Бұл ретте өзіміздің тіркеу есептеріміз арқылы тексереміз, егер тіркеу және куәландыратын құжаттар болса, қалаға кіруге рұқсат берілуі мүмкін. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың денсаулығын сақтау үшін қажет», - деді Е. Сәденов.

Осыған дейін карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына блокпосттар қойылып, көлік пен азаматтардың қозғалысы шектелетіні хабарланған еді.

Екі мегаполиске кіріп-шығуға рұқсат берілгендердің тізімін әкімдіктер анықтайды.