01 шіл, 2020 сағат 11:15

Карантин кезінде жемқорлықпен күрес қызметіне жүгінушілер саны 2 есе артқан

Карантин кезінде еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүгінушілер саны артып кетті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құжат айналымы басқармасының басшысы Қуаныш Мырзағали айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсыіс-қимыл агенттігінің Call-орталығы азаматтарға тегін ақпараттық қолдау көрсетіп, кеңес береді және олардың шағымдарын қабылдайды. Жыл басынан бері Call-орталыққа шамамен 12 мың өтінім түсті. Оның 400-ден астамында құқық бұзу белгілері бар. 44 іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, 8 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Оның үшеуі бойынша үкім шыққан»,- деді ол агенттіктің Facebook парақшасында өткен онлайн брифинг барысында. 

Сонымен қатар ол өткен жылдан бері агенттік басшылығының азаматтарды жеке қабылдау кестесіне өзгеріс енгізілгендігін атап өтті. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы азаматтарды апта сайын, басшылық құрам күнделікті қабылдайды. Осы жылыдң 5 айында агенттік 561 жеке қабылдау өткізді. 649 мәселе бойынша 764 азамат жүгінді. Келіп түскен мәселелердің 35 пайызы қанағаттандырылды. Індетке байланысты азаматтарды хабылдау шұғыл мәселелер бойынша ғана жүзеге асырылып жатыр. Азаматтарға негізінен жазбаша шағымдану, электронды өтінім жіберу арқылы жүгінуге кеңес беріледі. Шағымдардың қаралу барысына үнемі сараптама жасалып отырады. Агенттік төрағасы да бұл мәселені өзі бақылауға алған. Міне осындай жан-жақты шаралардың нәтижесінде шағымдар саны жылдан жылға артып келеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында шағымдар саны 26 пайызға артып, 4 725-ке жетіп отыр»,- деді Қуаныш Мырзағали. 

Оның дерегінше, карантин кезінде келіп түсетін шағымдар саны 2 есе артып кеткен. Ал маусым айында бір күннің өзінде азаматтардан 76 шағым келіп түскен. Осы аралықта электронды шағымдар саны да 2,5 есе артып отыр.