Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу шаралары күшейтілді. Елордада 6 блокпост орнатылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мәліметке сай, блокпосттар Талапкер, Қараөткел (Ильинка), Қоянды, Қосшы, Жібек-Жолы елді мекендері мен «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолы учаскесінде орналасқан. Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімдігі Шұбар ауылының ауданында блокпост орнатты.
Яғни Талапкер, Қараөткел (Ильинка), Қоянды, Қосшы, Жібек-Жолы елді мекендерінің тұрғындары қалаға еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Оларға жұмыс орнынан анықтама қағаз немесе мекенжай тіркелімін растайтын құжат қажет емес. Бұл елді мекендер карантиндік аймақтың шекарасына енгізілді.
«Блокпостарда бақылау аймақтары, палаткалар және қызмет көрсету пункттері орнатылады. 19 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап елордада карантин режимі енгізіледі. Қалада жедел штаб жұмыс істейді, коронавирустық инфекция анықталған кезде іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Азаматтарды ретсіз үйден шықпауға, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз» делінген хабарламада.