Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова карантин режімінің талаптарын нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы шекарасының периметрі бойынша орналасқан блок посттарда санитарлық эпидемиологиялық қызметтің мамандары да жұмыс істейтін болады. Олардың міндеті - науқас адамдарды тауып, оқшаулау. Ол үшін арнайы тепловизор құралдар пайдаланылады. Тепловизорлардың саны бүгінде жеткілікті. Қалаға кіретін көліктегі жолаушылардың қызуы көтеріліп тұрған болса, кіруіне тыйым салынады», - деді Әсел Халықова.
Айта кету керек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режімі енгізілді. Алматыда азаматтар мен автокөліктердің қалаға кіріп шығын шектеу үшін 27 блок пост орнатылады.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, карантин қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
«Төтенше жағдай кезінде барлығымыз бірігуіміз керек. Бұл жағдайда әр азаматтың тәртібі мен ой-санасы өте маңызды. Мұндай қиындықтан бізді тек бірлігіміз бен бір-бірімізге қолдауымыз, тәртіп сақтау арқылы ғана шыға аламыз. Біз қиындықты жеңеміз», - деді ол.