17 нау, 2020 сағат 15:41

Карантин: Алматыға өмірлік қажетті заттарды жеткізу үшін «жасыл дәліз» құрылады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев карантин кезінде қаланың сауда орындары қалай жұмыс жасайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантин режимі кезінде қалаға бірінші қажеттіліктегі тауарларды: азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмекті, медициналық өнімдерді, жеке қорғану және гигиеналық құралдарды жеткізу үшін «жасыл дәліз» жүзеге асырылады. Карантин кезінде балабақшалардың, азық-түлік емес сауда орындарының, яғни базарлардың, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орындардан басқа ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кету керек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режимі 19 наурызда түнгі сағат 00:00-де енгізіледі.

Азаматтар мен автокөліктердің қалаға кіріп-шығуын шектеу үшін 27 бекет орнатылады.