Алматыда 700-ге жуық полиция қызметкері карантин кезеңінде жатақханаларына орналастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қаладағы карантиндік режимге байланысты, қауіпті вирустың таралуын болдырмау мақсатында қаладан тыс жерде тұратын ПД қызметкерлері уақытша жатақханаларға орналастырылды.
«Біздің қаламыз карантин режимінде болғандықтан, кез-келген тұрғын жұқпалы аурудың қоздырғышы бола алады. Төтенше жағдайда құқық қорғау жүйесінің жұмысы күшейіп, полиция қызметкерлерінің халықпен байланысы жұмыстың ажырамас бөлігі болып табылады. Полиция жұмысының ерекшелігіне байланысты, қаланың сыртында тұратын тәртіп сақшыларын уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Мемлекет есебінен біздің қызметкерлерімізге уақытша тұрғын үйдің барлық қажетті жағдайлары жасалды. Карантин кезінде Алматының барлық полиция қызметкерлері казармалық режимде қалада болады», – деді лматы қалалық ПД басшысының орынбасары Әбдуали Нашарбеков.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары тұратын жатақханаларда қажетті жағдайлар жасалған айтты.
«Үйде үш балам, әйелім және анам қалды. Әрине, біз сағынамыз. Бірақ бұл қызмет және біз барлығымыз туысқандар алдындағы жауапкершілікті және өзімізге жүктелген міндеттерді түсінеміз. Тұрғын үй жағдайлары туралы шағымдар жоқ, бізде бәрі бар. Қажет болса, казармада, шатырлық лагерлерде де тұрамыз, ең бастысы – біздің еліміз тыныш және азаматтарымызға ештеңе қауіп төндірмесе болды», – деді Метрополитендегі полиция басқармасының қызметкері Қуат Байшуақов.