Алматыда қаңтар оқиғалары кезінде жасалған «ұрлық» дерегі бойынша қалалық сотттарға 82 қылмыстық іс түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыда қаралы қаңтарда жасалған «ұрлық» дерегі бойынша 41 қылмыстық іске сот үкімі шығарылды.
«Қаңтар оқиғасына байланысты түскен қылмыстық істердің жартысына сот үкімі шығарылды. Олардың көбі ҚР Қылмыстық кодексінің 188- бабы «ұрлық« бойынша түсті. Азаматтар өз кінәсін мойындап, келтірілген залалды материалдық түрде немесе ұрланған затты кері қайтарды. Өздерінің іс-әрекеттеріне өкінгені үшін соттар оларға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап жатыр. Ол 2 жылдан 4 жылға дейін болып табылады», - деді қалалық соттың баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.
Сондай-ақ оның айтуынша, қылмыстарды негізінен жұмыссыз, жас азаматтар жасаған. Олар дүкендерден тұрмыстық техникалар, компьютер, ұялы телефондарды ұрлаған.
Қазіргі уақытта қалған қылмыстық 41 іс қарастырылу үстінде.