Бүгінгі күні Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын газдандыру жобасы толық аяқталып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетерлігі, бұған дейін Қарағанды облысын газдандыру тежеліп отырғаны туралы ақпарат шыққан болатын. Онда Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысындағы дөнгелек үстелде өңірді газдандыру жұмысының жобалау және сараптамадан өткізу созылып кетуі мүмкін екендігі сөз болған.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің келтірген мәліметіне қарағанда, дөңгелек үстелде көрсетілген мәселелер аймақтың газдандыруын тәуекелге әкеп соқтырмайды.
«Бұл сұрақтарды шешу үшін Мәжіліс депутаттарына Қазақстан Республикасы Үкіметі мен 2012 жылы бекітілген газдандыру схемасына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығына техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу қажеттілігі бөлігінде өзгеріс енгізуге көмек көрсетуге ұсыныс берілген болатын. Бүгінгі күнге Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын газдандыру жобасы толық аяқталды. Жезқазған қаласы бойынша сараптама қорытындысы алынды, Қарағанды және Теміртау қалалары бойынша жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуде», - делінген баспасөз баянында.
Бұдан бөлек, аталған қалаларды газдандыру схемасы келісіліп, кезектер мен алғашқы іске қосу кешені анықталған. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында - Михайловка ауданы, Теміртау қаласында - Степан Разин көшесі, Жезқазған қаласында - Пристанционный және Талап аудандары белгіленген. Бұл ретте газ тарату желілерінің құрылысы 2019 жылдың екінші жартысында жоспарланып отыр.