«АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Тентек» шахтасының тау-кен шебері Данил Полянский жұмысы мен спортты қоса алып келеді, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Ол кәсіби түрде жеңіл атлетикамен айналысады.
Кенші-спортшы олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың сыйлығына арналған Халықаралық турнирде алтын медаль ұтып еншіледі. Данил Полянский сырықпен секіруде 5.35 метр биіктікті бағындырып, бірінші орын алды. Чемпионды Василий Карпов жаттықтырады. - Спортпен қатар шахтадағы жұмысымды бірге алып жүру өте қиын, алайда әзірге қолымнан келіп отыр. Мен өзім кеншілер әулетінен шыққанмын. Шахтинскіде дүниеге келдім. Әкем 34 жыл үңгуші болып жұмыс істеді, үлкен ағам Ленин шахтасында - тау кен жұмыскері. Атам да кенші болған. Менің спорттағы мақсатым - 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға лицензия алу, - дейді Данил Полянский.
Қазір ол - 27 жаста. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған соң шахтаға жұмысқа орналасқан.
Наурызда Данил Полянский ұлттық құрама сапында Түркияға Азия чемпионатына дайындалуға аттанады. Аталмыш сайыс келесі жылдың сәуірінде Катарда өтеді.