07 сәу, 2023 сағат 03:51

Қарағандыдағы Ғабиден Мұстафинге қойылған ескерткіш адам көргісіз күйде тұр

Фото: Massaget.kz

Қарағандылықтар Ғабиден Мұстафинге арнап қойылған мүсіннің қазіргі күйіне шағым айтты. Сондай-ақ қаладағы Жамбыл Жабаевтың мүсіні орнатылған алаң да жаға ұстатарлық күйде екен, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабиден Мұстафиннің мүсіні туғанына 100 жыл толуына орай қойылып, есімімен аталатын көшеге орнатылған. Ол бірнеше жыл бұрын алаңның басты сәніне айналған еді. Бірақ ескерткіштің қазіргі жағдайы қарағандылықтарды қатты алаңдатады.

"Қаланың орталығында орналасқан ескерткіштің жағдайы өте нашар. Жедел арада жөнге келтірмесе болмайды. Ұят емес пе?  Қала тұрғыны болмасам да, ескерткіштің жай-күйіне бейжай қарай алмадым. Қала билігі қайда қарап отыр?", - дейді қала қонағы Ермек.


Ал қала орталығындағы Жамбыл көшесіндегі тағы бір алаңда Жамбыл Жабаевқа арнап мүсін орнатылған, бірақ оның да жағдайы қазір мәз емес көрінеді.

Биыл қыста коммуналдық қызметтер бұл алаңда әдеттегіден көп тазалық жұмыстарын жүргізді. Қар қалың жауып, оны күректермен және тіпті шағын көлемді техникамен жинау қиынға соққанда үлкен тракторлар іске қосылды. Көктемде бұл жұмыстың салдарынан жиектастар айтарлық қирағаны байқалды. Әкімдік тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін ауыр техниканың жиектастардың бұзылуына себеп болғанын мәлімдеді. Мүсіннің өзі де ретке келтіріледі.

"Кеше аталған мекенжайға біздің жауапты маманымыз барып, ақаулы акт жасалды. Жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары бағдарламасы аясында барлық қажетті шаралар жүргізіледі. Кемшіліктерді жойып, ескілерін жаңасына ауыстырамыз. Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдыңғы бөлігін бояу жұмыстары жасалады. Жалпы, аумақ абаттандырылады. Жұмыстар мамыр-маусым айларына жоспарланғнан", - дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.

Ғабиден Мұстафиннің мүсінін жөндеу тендер аяқталып, мердігер анықталған соң басталмақ. Ал алаңның өзіне биыл күрделі жаңарту жұмыстары жоспарланбаған.