27 там, 2022 сағат 10:56

Қарағандыда жол апатынан бүтін бір отбасы қаза тапты


Қарағанды облысында жол апатынан бір отбасының мүшелері қаза тапты. Бір бала ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, 26 тамызда сағат шамамен 23.30-да "Балқаш-Приозерск" тасжолындағы Гүлшат ауылына 23 шақырым жерде 35-жастағы "Опель Вектра" жүргізушісі жөндеу жүріп жатқан жабық жолда (ескерту жол белгілері бар) 25-жастағы азаматтың басқаруындағы "Хово" автомашинасымен бетпе-бет соқтығысқан.

"Опель Вектра " автомашинасының жүргізушісі, оның 35-жастағы жұбайы, олардың кәмелетке толмаған үш баласы оқиға орнында қаза болды, бір бала медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек полицияда тіркелді және тағайындалған қажетті сараптама қорытындылары бойынша процессуалдық шешім қабылданады.