Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында роупджампинг нұсқаушысына қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазыбек би аудандық соты оны қылмыстық бап бойынша кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.
"Сот сотталушы Александр Музникасты ҚР ҚК-ның 306-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде жазасын өтей отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп үкім шығарды судья Манат Жұмақаева.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының жеке басын, оның оқиғаға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескергені атап өтілген. Бұған дейін ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, марқұмның отбасына жанашырлық танытқан. Қылмыс абайсызда жасалған. Сондықтан сот сотталушыға ең төменгі жаза тағайындады.
Жәбірленуші тараптың талаптары ішінара қанағаттандырылған. Сот сотталушының материалдық жағдайын назарға алып, одан екі жәбірленуші – марқұмның анасы мен оның күйеуінің пайдасына жалпы саны алты миллион теңге өндірді.
Еске салайық, 10 қазанда Қарағандыда роупджампингте 33 жастағы әйел қаза болды. Ол "Созвездие" қонақүйінің төбесінен секіріп, ауыр жарақат алды. Ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, бірақ дәрігерлер құтқарып қала алмады. Әлеуметтік желілерде әйелдің секіргендегі видеосы тараған болатын.
641 рет оқылды