14 қыр, 2022 сағат 16:24

Қарағандыда полиция қызметкері есірткі сақтағаны үшін сотталды


Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының инспекторы мефедрон сатып алуға көмектескені және есірткіні заңсыз сақтағаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, полиция аға лейтенанты есірткіні өзі пайдаланып, танысына мефедрон алуға көмектескен. Алайда есірткі сатумен айналыспаған.

Ол ұсталғанға дейін бақылауға алынған. Тінту кезінде полиция қызметкерінің үйінен мефедрон қалдықтары табылған.

Полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 296-бабы 3-бөлігі, сондай-ақ 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа жолданған.

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол тек есірткі қолданғанын мойындады. Бұл сараптамалар қорытындысы бойынша дәлелденген. Ол айыппұл төлеуге қатысты жаза тағайындауды сұраған.

Қазыбек би аудандық соты полиция қызметкерін тағылған баптар бойынша кінәлі деп танып, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды. Сондай-ақ, оған нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу тағайындалған. Ол "аға лейтенант" арнайы атағынан айырылған.