Фото: elements.envato.com
Қарағанды тұрғыны интернаттардың бірінің директоры оның қызын зорлады деп айыптап отыр. Бұл факт бойынша тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Ата-анасының айтуынша, қызы биыл 9-сыныпты бітіреді. Пән мұғалімі болған директор емтиханға дайындалу үшін оған қосымша сабақ өткізген. Кезекті қосымша сабақ кезінде мұғалім оқушы қыздың қолынан ұстап, кәмелетке толмаған жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермелеген.
"6 маусымда қызым маған телефон соғып, мектеп директоры тиіскенін айтты. Мен бірден мектепке бардым, сол жерде директормен кездестім. Қызым маған директор кеудесінен ұстағанын, мойнын сүймек болғанын, оны қалай алып кеткенін егжей-тегжейлі айтып берді. Мұның бәрі оның кабинетінде болған. Сол уақытта ол есікті іштен құлыптап, қызды жібермей қойған. Хатшы бұл кезде мектепте жоқ еді. Қызым оның қолынан әрең құтылып кеткен. Сол кезде ол қыздан бәрін ұмытуын сұрап және ешкімге айтпауын өтінген. Осының бәрін қызым оның көзінше айтқанда ол үндемей қалды. Тіпті өзін ақтауға немесе қарсылық білдіруге тырыспады. Мен полиция шақырдым", - деді мектеп оқушысының анасы.
Қыздың анасының сөзінше, полицейлер ҚР Қылмыстық кодексі 123-бабының 2-бөлігі бойынша "Кәмелетке толмағандарға жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу" бойынша арыз тіркеген. Ол адвокат жалдап, директорды қызметінен кетіргісі келеді.
"Бізге оны да, бізді де полиграфологиялық тексерістен өткізуі мүмкін екенін айтты. Біз өтірік детекторынан өтуге дайынбыз. Мен қызыма сенемін. Оны ең болмағанда директорлық қызметтен шеттетуді қалаймыз. Қазір бізге қысым көрсетіліп жатыр. Аттестат беруден бас тарты. Барлық ата-ана ашуланып, кейбіреулері мені бұғаттап тастаған. Мен баламды қорғап жүрмін. Менің қызыма тиіскендей басқаларға да зияны тимегенін қалаймын. Біз оның осы уақытқа дейін жұмыс істеген жылдарында мұндай жағдайға ұшыраған алғашқы жан емеспіз деп ойлаймын. Оның құрбаны болған басқа қыздар бар екені сөзсіз. Бәлкім, олар бір кездері айтуға қорқып, ұялған шығар. Егер олар бар болса, мен оларды тапқым келеді. Өйткені, бұл - үлкен адам, ол қазірдің өзінде алпыста, бірақ өзін осылай ұстайды. Мұндай адамдарға баланы сеніп тапсыруға болмайды", - деді қарағандылық әйел.
Мектеп директоры телефон арқылы сөйлескен кезде түсініктеме беруден бас тартты. Тергеу шындықты көрсетеді деді.
Облыстық полиция департаменті қарағандылық қыздың арызы бойынша тергеу жүріп жатқанын растады.
"Іс полицияға тіркелді. Қазіргі уақытта қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтерді таратуға болмайды", - деп хабарлады Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматы облысындағы ауылдардың бірінде 14 жастағы оқушы қыз 53 жастағы дене шынықтыру пәні мұғалімінің үстінен шағымданған. Оқушы қыздың айтуынша, мұғалім жұмыс бөлмесіне кіргізіп, оған жақындап, тиіспек болған. Алайда полицияға берген арыздан кейін ер адам ұсталған жоқ, оның орнына тергеушілер қыздан түнгі үшке дейін жауап алған. Алматы облысының білім басқармасы істің тергеліп жатқанын хабарлады. Оқушыға психологиялық көмек көрсетілмек.