04 сәу, 2022 сағат 12:40

Қарағандыда медициналық орталық ғимаратында бомбаға ұқсас күдікті зат табылды


Бүгін Қарағанды медициналық орталығына барлық шұғыл қызметтер жиналды. Ғимаратта күдікті пакет табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

4 сәуірде сағат 9.05-те Қарағанды қаласы ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің кезекші бөліміне Мұқанов көшесіндегі облыстық медициналық орталықта қол жуғыш шұңғылшаның астынан скотчпен оралған зат табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. 

«Қарағанды облысы ПД жедел кезекшісі оқиға орнына барлық шұғыл қызметтерді жіберді. Медициналық мекеме ғимаратынан 400-ге жуық адам эвакуацияланды, оның ішінде медперсонал, пациенттер, келушілер бар», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі. 

Полиция қызметкерлері табылған затты – түймелі ұялы телефонды, оған арналған қуаттау құрылғысын қарап шықты. Сағат 10.00-де дабылды тоқтату туралы белгі берілді. Қазіргі уақытта медициналық орталық қалыпты режимде жұмыс істеуде.