Қарағанды қаласы орталық мешітінің имамы Өмірзақ Бекқожаға тұтқынға алынған баланы құтқарғаны үшін ІІМ белгісі бар қолсағат табыс етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қарағанды облысының полиция департаментінде ведомствоның жедел-қызметтік жұмысының қорытындысын шығару бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Жиын барысында Қарағанды облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Ерлан Файзуллин Орталық мешіт имамы Өмірзақ Бекқожаны салтанатты түрде марапаттап, басшылықтың атынан шұғыл жағдайда тұтқынды құтқаруда жоғары азаматтық ұстанымын танытып, полицейлерге көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуір күні 34 жастағы қала тұрғыны отбасылық жанжалдан кейін туыстарын пәтерден қуып шығып, кішкентай қызын кепілге алған болатын. Полицейлер қауіпсіздік үшін қаланың барлық шұғыл қызметін жұмылдырды. ПД басшылығы кепілге алынған бүлдіршінді құтқару үшін шұғыл операция жүргізді. Ұзақмерзімді келіссөз барысында арнайы бөлімшенің полицейлері имамның көмегімен қаланың орталық мешітінде қылмыскерді залалсыздандырып, тұтқынға алынған баланы құтқарды. Операция кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Айта кету керек, өткен жылы қоғамдағы келеңсіздіктерге немқұрайлы қарамайтын азаматтардың көмегімен 31 қылмыс ашылып, 480-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Полиция департаментінің басшылығы 35 азаматты грамотамен марапаттаған.