12 жел, 2019 сағат 08:23

Қарағандыда қазақ күйлерінің көне дәстүрі паш етілді

Қарағанды қаласында «Сарқылмас қазына» атты шертпе күй мен жыр-термелердің облыстық фестивалі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Фестивальде Достық үйінің шығармашылық орталықтарының тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары – жас ақындар өз шеберліктерін көрсетті. Ең жас қатысушы - 11-сынып оқушысы Абзал Мақаш желтоқсан айының басында Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына және Жастар жылына арналған халықаралық айтыстың жүлдесін иеленген болатын. Көрермендер домбыра, қобыз және жетіген сияқты түрлі халық аспаптарының әуендеріне қанықты. Ақтық сында ақындар «Құлманбет айтыс» атты суырып салма додасын ұйымдастырды. Фестивальдің шарықтау шегі – күй тартыс бірегей көрінісі болды. Бұл үлкен салтанаттар мен тойларда танымал болған ежелгі дәстүр. Жарыстың мәні – қарсыластың орындаған белгісіз әуенін күйші сол мәнерде алып кетіп, жалғастыра алуында. Күй сюитасын домбырашылар Қанат Бақраев, Қайрат Омаров, Темірлан Кубат орындады. «Халықтың дәстүрі – қасиетті, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Бұл фестиваль түрлі жастағы, әртүрлі мектеп пен мәнерді орындаушылардың басын біріктірді. Жастар ұлттық өнерді жалғастырады және дамытады. Менің ойымша, біз көрермендерге халық музыкасының сұлулығын көрсете алдық», - деп атап өтті Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі және Қазақстан Мәдениет қайраткері Меруерт Башай. «Бұл фестивальді Ұлттық мереке қарсаңында өткіземіз. Біз Достық үйін бейбітшілік пен келісім, азаматтық бастамалар орталығы етуге тырысудамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысамыз. Биыл суырып салма ақындар, домбырашылар мектебі құрылды. Фестиваль осы жұмыстардың жалғасы болды. «Домбыраның үні - сенің жүрегіңнің ырғағы» деп бекер айтпайды. Біздің халқымыздың тарихы өнерге толы, шығармалар арқылы ата-бабаларымыздың дауысын естиміз», - деді Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын.

Шара қатысушыларына алғыс хаттар табыс етілді. «Арқа-айтыс мектебі» орталығына күй мен жыр-терме жинақтары бар ретро-пластинка сыйға тартылды.