Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов канал суына батып кеткен 9 жастағы баланың өліміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қатпановтың айтуынша, баланың өлімі жазатайым оқиға нәтижесінде болған. Бала достарымен бірге суға қайық жіберіп, ашық канал маңында ойнаған.
"Бір кезде қайық тұрып қалған. Марқұм оны итеріп жібергісі келіп, суға құлаған. Қатты ағыс оны ағызып әкеткен. Мамандар дабыл түскеннен кейін бірден оқиға орнына шықты. Баланың денесі бір сағат ішінде өзі құлаған жерден бес жүз метр қашықтан табылды", - деді Мұрат Қатпанов.
Сондай-ақ, ол бұл каналда ешқандай қоршау жоқ екенін атап өтті.
"Қазір Қарағанды облысында қар еріп жатыр. Арықтар мен каналдарда су көлемі артты. Сондықтан ата-аналарды бақылауды күшейтуге шақырамыз. Балаларға қауіпті жерлердің маңында ойнауға рұқсат бермеңіздер. Өкінішке қарай, әрбір каналда кезекші бола алмаймыз. Бұл каналдар технологиялық жағынан ашық, қоршаусыз болуы керек", - деп атап өтті Мұрат Қатпанов.
Қарағанды облысының ПД өкілі бала қайтыс болғаны туралы дерек тіркелгенін, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қаза тапқан баланың ата-анасына көңіл айтты. Ол әкімдікке балалар жарақатының алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, әкім қауіпті каналдардың маңына ескерту белгілерін қоюды тапсырды.
"Мұндай қайғылы оқиға қайталанбауы керек. Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Көп қар ериді. Жауапты қызметтер кез келген штаттан тыс жағдайға дайын болуы керек", - деді Жеңіс Қасымбек.