01 там, 2023 сағат 12:11

Қарағандыда балалар жаппай уланды: 1 бала қайтыс болды

сурет ашық дереккөзден алынды

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бір бала қайтыс болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылған.

"Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында.

Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды" - делінген хабарламада.

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Әкімдік мәліметінше, қылмыстық іс қозғалып, Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілген.

Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, заңның барлық қатаңдығы бойынша жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілген.

Үкімет кулуарында Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова осы оқиғаға қатысты түсінік берді.

"Уланудың себебі әзірге белгісіз. Бірақ алдын ала мәлімет бойынша олар астан уланбаған", - деді бас санитар дәрігер.