08 шіл, 2022 сағат 14:15

Қарағандыда 11 жасар бала лифт шахтасына құлап кетті

© Sputnik / Владислав Воднев

Қарағандыда 11 жасар бала құрылысы аяқталмаған ғимараттың лифт шахтасына құлап кетті.

Полицияның мәліметінше, жазатайым оқиға 3 шілдеде болды. Бала ауыр жарақат алғанымен, аман қалды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі ekaraganda.kz басылымына сілтеме жасап.

"Ол медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бала облыстық балалар клиникалық ауруханасында жатыр.

"Жағдайы тұрақты болғанымен, ауыр халде", - дейді дәрігерлер.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ғимарат толық салынбағаны белгілі. Ол жеке меншік болып табылады және профлистпен қоршалған.

Бірақ жақын маңдағы үйлердің тұрғындары балалар кейде оның аумағына кіріп, сол жерде ойнайтынын жеткізді.