19 нау, 2020 сағат 08:52

Қарағандыда аялдама павильондары мен спорт алаңдары дезинфекцияланып жатыр

Қарағандыда аялдама павильондары дезинфекцияланады. Жұмысшылар сондай-ақ отыратын орындарды тазалайды және іргелес аумақты зарарсыздандырады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгіннен бастап жолдарды, саябақтарды және гүлзарларды күтіп ұстау бойынша қызмет көрсететін барлық мердігерлік ұйымдар аялдамаларды, орындықтарды, тірек қоршауларын, урналарды, бағдаршам нысандарын, бағдаршамдарды шақыру таблосын арнайы қоспамен өңдеуді бастады. Сондай-ақ күніне бір рет балалар мен спорт алаңдарына дезинфекция жүргізіледі», - дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақпанов.

Жұмысты төрт мердігер ұйым орындайды. Аудандық әкімдіктер мен коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан күнделікті бақылау жүргізіледі.

Қалада күн сайын 400-ден астам аялдама павильоны, 2000 орындық, жаяу жүргіншілер шақыру құрылғыларында 92 шақыру таблосы өңделеді.

«Қарағанды Су» ЖШС ауыз су сапасын бақылау зертханасы бастығының міндетін атқарушы Елена Гниломёдова дезинфекцияны қандай ерітіндімен жүргізетінін айтты.

«Күн сайын «Қарағанды Су» ЖШС зертханасы 400 текше метр көлемінде концентрациясы 0,1% кальций гипохлориді негізінде хлорлы дезинфектант дайындайды. Бұл дезинфектант зарарсыздандыратын қасиеттерге ие», - деп түсіндірді маман.