25 жел, 2019 сағат 12:35

Қарағандыда алғашқы ядролық медицина орталығы ашылады

Қарағанды облысында ядролық медицина орталығы ашылады. Ол елдегі осы секілді төртінші мекеме болмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ядролық медицина орталығы келесі жылдың соңында «Облыстық онкологиялық диспансер» КМК базасында жұмыс істейді. Орталықта ПЭТ/КТ аппараты орнатылады. Ол радионуклеидті диагностиканы жүргізуге, ісік құрылымын және функционалдық ерекшеліктерін молекулалық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді. Әдіс аурудың ерте сатысында кіші ісік ошақтарын анықтауға және ісіктердің орналасуы мен шеттері туралы нақты деректермен адам ағзасының үш өлшемді бейнесін алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда осындай төрт аппарат бар: оның үшеуі Нұр-Сұлтанжа және біреуі Алматыда. Әзірге қатерлі ісікке шалдыққан қарағандылықтарға зерттеуден өту үшін осы қалалардың біріне баруға тура келетін. Қазір кезекті күту уақыты үш айға жуық. Қарағандыда ядролық медицина орталығының пайда болуымен ол айтарлықтай қысқарады. Орталық құру туралы шартқа осы аптада қол қою жоспарлануда.