Қарағандыда нөсер арығында батып кеткен 9 жасар баланың өліміне қатысты іс қайта қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарағандыдағы нөсер каналында 9 жасар баланың қаза болу фактісі бойынша тергеу органдары Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі «абайсызда адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде Қарағандыда ойнап жүрген балалардың бірі ашық арыққа батып кеткен болатын.
Қайғылы оқиға Серов көшесіндегі үйдің жанында болды.
Шақырудан бір сағат өткен соң құтқарушылар 2012 жылы туған баланың денесін алып шықты.