18 жел, 2019 сағат 16:42

Қарағандыда 3 жасар баланы өлтірген күдікті алқабилер сотын таңдады

Қарағандыда бүгін 3 жасар баланы алып қашып, соңында өлтірген азаматқа қатысты істің алдын ала тыңдаулары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Игентай Сопыжановқа Қылмыстық Кодекстің үш бабы бойынша айып тағылуда: баланы ұрлау, кепілдікке алу және кісі өлтіру. Бұл айыптар бойынша ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кету керек, осы оқиғаға дейін ол қайтыс болған баланың туысын өлтірген. Алайда заң бойынша бұл жайт айыпты ауырлата алмайды. Себебі ол кезде Сопыжанов кәмелетке толмаған.

Бүгінгі алдын ала тыңдауда Игентай Сопыжановтың қорғаушысы оның ісін алқабилер алқасы қарауы туралы өтініш білдірді.

«Бұл — оның еркі. Ол өзі алқабилер керек деп шешті. Мен оған барлығын түсіндірдім. Ол нені көздеп отырғаны белгісіз. Біріншіден, уақытты созу. Екіншіден, менің ойымша, алқабилер айтарлықтай құзыретті емес. Олар осы қылмыстық істі тергеуге объективті қарамауы мүмкін. Бірақ ол әлі де үміттенеді», - деп түсіндірді адвокат.

Сондай-ақ, тыңдауда айыпталушы тергеу кезінде оған күш көрсетіліп, моральдық қысым жасалғанын мәлімдеді. Және де ол аталмыш істің материалдарымен танысуды талап етті.

Тергеу бөлімі қызметкерлерінің күш қолдану фактісін прокуратура тексеруде. Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі бұған дейін аталмыш жайтқа қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

«Бүгінгі таңда пробация және Бұрма ауылының учаскелік полиция инспекторының әрекеттеріне құқықтық бағаны қозғалған қылмыстық істің аясында арнайы прокуратура қызметкерлері береді», - делінген ПД баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.

Іс жүргізу прокуроры Медеу Жақановтың айтуынша, Сопыжановтың оған қысым көрсету туралы арызы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қыркүйекте Қарағанды облысы Шет ауданы Бұрма ауылында 23 жастағы ер адам жас келіншектің қолынан 3 жасар баласын тартып алып кеткен. Баланы іздеуге 600-ден астам полиция қызметкері, оның ішінде еріктілер тартылды.

Үш күннен кейін баланың мәйітін кент шетінен, тоғайдан тауып алып, күдіктіге іздеу жарияланды. 9 қыркүйекте ол ұсталды.