Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Қарағандыдағы көпқабатты үйде өрт шыққан пәтердің қожайыны зейнетке шыққан полиция полковнигі және оның отбасы мүшелері екені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше Қарағандыдағы от шарпыған пәтердің иесі - зейнеттегі полиция полковнигі. Қаза тапқан тағы екі адам - оның жұбайы мен ағасы болған.
70 жастағы полковник Ринат Шоқаев бұған дейін ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының саптық бөлім бойынша бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.
Ол академия курсының бастығы болған. Марқұмның достары мен таныстарының айтуынша, Ринат Кенжебайұлы осы университеттің дамуына зор үлес қосқан. Көптеген офицерлерді тәрбиелеген. Ол 70 жаста еді.
Пәтерде сонымен қатар олардың 43 жастағы ұлы болған.
Оның 8-ші қабаттың терезесінен қалай құлап кеткені әлі белгісіз. Қазір ол ауруханада жатыр.
«Науқастың жағдайы орташа ауыр. Есін біледі. Жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Науқас кеуде қуысынан жабық жарақат алған, жіліншік сүйектері сынған», - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 10 қаңтар күні сағат 21:29-да Қарағанды қаласында Республика даңғылы, 18/2 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабар түсті.
16 қабатты, 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде жалпы алаңы 30 шаршы метр аумақта өрт шыққан.
1979 жылы туған ер адам жанып жатқан пәтердің балконынан құлап, медициналық мекемеге жатқызылды.
Тексеру барысында үш адамның денесі табылды (болжам бойынша екі ер адам мен әйел).
Сондай-ақ, Қарағанды облысының ТЖД басшылығы газ жарылысы расталмағанын хабарлады. Оқиға орнынан газ құрылғылары табылмаған.
Көпқабатты үйдегі өрт бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды.