03 сәу, 2019 сағат 12:50

Қарағанды полициясы қаза болған атыраулық әріптесіне арнап видеоролик түсірді

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері қаза болған атыраулық полицей Шалқар Ақымғалиевтің ерлігіне тағзым етті. Қарағандылық тәртіп сақшылар арнайы видеоролик те түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінде «Ерлік сабағы» ұйымдастырылды. Шараға қатысқан жас қызметкерлерге Шалқар Ақымғалиевтің жасаған ерлігі туралы айтылды.

«Бұл тек туыстардың ғана қайғысы емес, бұл біздің барлығымызға ортақ қасірет. Шалқар жүрегімізде мәңгіге нағыз батыр болып қалады. Осындай ержүрек ұл тәрбиелегені үшін оның ата-анасының алдында бас иеміз», - деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті Штаб-басқармасының бастығы, полиция полковнигі Наталья Адюкина. 

Шара соңында жиналғандар назарына департаменттің ішкі және сыртқы байланыс басқармасы түсірген видеоролик көрсетілді. Онда полиция қызметкерлері марқұмға арнап шығарған өлең шумақтарын оқыған.

Естеріңізге сала кетсек, 21 наурыз күні Атырау қаласында патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев суға батып бара жатқан әйелді құтқарамын деп өзі ажал құшты. ҚР Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшысы мемлекеттік наградаға ұсынылатынын мәлім етті.