13 қыр, 2023 сағат 15:06

Қарағанды облысында киіктер 38 мың гектар егіс алқабын таптап, жарамсыз еткен

Көрнекі фото: pexels.com

Бетпақдаланы еркін мекендеген ақбөкендер егістікті, жайылымдық және шабындық жерлерді таптап, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге шығын келтіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Тек биыл киіктер аймақтың 38 мың гектар егіс алқабын таптап, жайқалған егінді жарамсыз еткен.

Мамандардың есебінше, кейінгі жылдары Қазақстанда киіктердің саны жылына орта есеппен 40 пайызға артқан. Ресми деректер еліміздегі ақбөкендердің екі миллионға жуықтағандығын айтады. 2023 жылы мамыр айындағы әуе санағының деректеріне сай оның 800 мыңға жуығы Бетпақдаланы мекендейді.

Биыл Қарағанды облысының Нұра, Осакаров және Абай ауданының төңірегіндегі 13 ауылдық округке қарасты 36 шаруақожалық киіктердің популяциясынан зардап шекті. Киіктер 38 мың гектардан астам егістік жерлерді таптап, шаруаларға есепсіз шығын келтірген. Қарағанды облысының тек бір ғана шаруашылығының өзі 150 миллион теңге шығынға батқан. Киіктердің «бетпақдала популяциясының» табиғи мекендеу ортасы болып табылатын Қарағанды облысы Нұра ауданының шаруалары шығын шаш етектен деп отыр.

"Киік басының шамадан тыс өсіп кетуі жыл сайын егінге жиырма пайыздан астам зиян келтіреді. Киік табындарын егістік алқаптарынан айдау жұмыстары жүргізіліп жатқанымен барлық алқаптарды қорғау мүмкін болмай отыр. Тек біздің ауыл округінде бір ғана шаруашылыққа киіктерден келген шығынның жылдық мөлшері 150 миллион теңгеден асады. Халыққа үлкен зиян келтіргендіктен популяцияны жалғастырудың мағынасы жоқ деп есептеймін", - дейді Нұра ауданындағы «Құланөтпес» шаруақожалығының жетекшісі Сайын Ибрагимов.

Шаруақожалық жетекшісі Сайын Батырбекұлы халыққа, оның ішінде ауыл шаруашылығына зиян тигізбес үшін, еліміздегі киіктердің саны 500 мыңнан аспауы керек деп санайды.

Елімізде, 2015 жылдан бастап, киіктердің санын көбейту мақсатында ақбөкендерді атуға қатаң тыйым салынған. Бетпақта еркін жайылған есепсіз киіктің егістікке келтіретін шығыннан бөлек, жайылымдық, шабындық жерлердегі шөпті таптап, тіпті су тапшылығын туғызып жатқандығы да бар. Дала жануарының шектен тыс көбеюінен зардап шегіп, егіні тапталған, жайылымдық және шабындық жерлері жарамсыз болып, қысқы мерзімге мал азығының тиісті көлемін дайындай алмай отырған шаруалар киік популяциясын реттеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажетілігін айтады.