15 қар, 2018 сағат 14:04

Қарағанды облысының тұрғыны өз әйелі мен қызын басып кетті

Қарағанды облысында Тоғызқұдық ауылына жақын жерде түнде "Нива" көлігінің жүргізушісі трассада әйел адам мен жеті жасар қызды қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik.

Қарағанды облысы полиция департаменті қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаты түн ортасында болды. Тоғызқұдық ауылының 42 жастағы тұрғыны үйіне қайтып келе жатқан. Жол шетінде әйелі мен қызы бара жатыпты. Олардың түн ішінде жолда не істеп жүргенін полицейлер хабарламады.

Ресми емес дерек бойынша, отбасы қонақтан қайтып келе жатады. Әуелде рөлде отағасының бауыры отырыпты. Бір уақытта мас ер адам ашуланып, үшеуін де көліктен қуып шығып, өзі рөлге отырса керек. Әйел мен қыз бірнеше метр алға жүріп кеткенде, көлік жүргізуші абайсызда екеуін қағып кетеді. Қандай жылдамдықпен қаққаны белгісіз. Әйел адам жедел жәрдем келгенше көз жұмса, жеті жасар қыз жансақтау бөлімінде дүниеден озды. Дәрігерлер оның өмірі үшін барын салып күрескенімен, алған жарақаттары тым ауыр болып шыққан.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер мұндай жарақаттардан кейін тірі қалу мүмкін еместігін айтты.

"Қыз бала ауруханаға түскен кезде бас миы қатты шайқалған, қолы мен аяғы сынған және денесінің көп бөлігі сырылған күйде еді. Бала өздігінен тыныс ала алмай, бірден комаға түсті. Құрамында хирург, жүйке дәрігері және өзге де мамандар бар дәрігерлер тобы бірнеше рет консилиум өткізді. Қыз баланы Майқұдықтағы №1 қалалық ауруханаға жеткізген соң, әрі қарай ешбір клиникаға бағыттай алмадық — жағдайы тым ауыр болды. (…) Мұндай жарақаттар кішкене бала үшін оңай емес", — деді басқарманың баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Іс тергеліп жатыр, ер адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.