Қарағанды облысында азық-түлік барлығына жетеді, ал баға бойынша алыпсатарлықтың жолы кесіледі. Жеңіс Қасымбек қазір халық арасында үрей мен дүрлігуге жол бермеу үшін үйлесімді жұмыс істеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін облыс әкімдігінде ірі сауда дүкендері мен базарлардың басшыларымен, тауар жеткізушілермен арнайы жиналыс өтті.
«Әлеуметтік желілерде супермаркеттерде қант пен басқа да тауарлар аяқталғаны туралы ақпарат көп болды. Мен ірі қалалардың әкімдеріне талдау жүргізіп, бұл мәлімдемелердің шынайылығын тексеруге тапсырма бердім», - деді Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, жергілікті ұн мен макарон өндірушілер қаланың қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп отыр.
«Жеткізіліп жатқан бакалея - күріш, қарақұмық, тұз, өсімдік майы бойынша көтерме сауда орындарының қоры жеткілікті, жағдай қалыпты. Кеше кейбір дүкендерде қант болмады, бірақ қазір оны ірі супермаркеттер арқылы тасымалдайды. Жағдай тұрақты, оны жіті қарастырамыз. Қарағандылықтардың айтуынша, қалада бакалея өнімдері бойынша проблемалар жоқ», - деді Нұрлан Әубәкіров.
Бұл қорытындымен сауда-саттық саласының өкілдері де келісіп отыр, олар үрейге себеп жоқ деп мәлімдеді. Барлық ірі супермаркеттерде азық-түлік жеткілікті.
Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлерге қажет болған жағдайда өңір билігі тұрақтандыру қорынан азық-түлік интервенциясын өткізуге дайын екенін жеткізді. Қазір қорда 600 мың тонна бакалея - күнбағыс майы, қарақұмық және күріш жармасы, ұн және қант бар. Сондай-ақ, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат қоры да қарастырылған.
Облыста ай сайын 11 мың тонна ұн және 610 тонна макарон өнімдері өндіріледі.
«Облыста азық-түлік қоры жеткілікті. Баға деңгейінің негізсіз өзгеруі болмауы тиіс. Бұл - түбегейлі мәселе. Бұл - ел Президентінің тапсырмасы. Біз алыпсатарлық сұраныс туындауы мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан барлық жауапты тұлғаларға жағдайды қатаң қадағалау қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, облыс әкіміне аймақ дәріханаларында дәрі-дәрмектің бар екендігі туралы мәлімделді. Медициналық дәрі-дәрмек дефициті жоқ. Кеше әлеуметтік дәріханаларға Қарағанды облысында өндірілген медициналық маскалардың алғашқы партияларын жеткізе бастады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, өңір билігі кәсіпкерлермен медициналық маскаларды көтерме бағамен сату туралы келісім жасады.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ супермаркеттер мен сауда-ойын-сауық орталықтарының басшыларына санитарлық талаптарды күшейту туралы еске салды.