31 нау, 2017 сағат 10:00

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында бірнеше үйге су кірген

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Нүркен Әбдіров ауылының шетінде бірнеше үй мен аулаға еріген қар суы кірді, - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің өкілі Қуаныш Муталлаповтың Азаттыққа айтуына қарағанда, су басу оқиғасы 30 наурызда болған.

- Бұған дейін екі күн қар аралас жаңбыр жауып, даланың қары күрт еріді. Соған байланысты дала суы түгелдей ауылға қарай жүріп, ауылдың шетіндегі 7 үйдің ішіне, 9 үйдің ауласы мен қора-жайына кірді. Бірақ кірген су деңгейі белуардан келетіндей емес, 5-10 сантиметр шамасындағы тереңдікте ғана, соншалықты құлататындай қауіпті болған жоқ. Түнде су деңгейі көтеріліп кетсе көшіру қиындайды деген қауіппен кеше 30 адамды эвакуацияладық, олардың көбі туыстарының үйлеріне барды, - деді Муталлапов.

Оның сөзінше, судың бағыты басқа жаққа қарай бұрылып, қазір судың беті қайтып, аулалар мен үйлердегі су түскен. Оған қоса бүгін күн суытып, аздап аяз тұрып, су қатқақтанды.

Ауыл тұрғыны Мақсат Тойындықовтың айтуынша, ауыл Жарлы өзенінің екі жағасында орналасқан. Су негізінен өзеннің бір жағындағы үйлерге келген. Ол еріген қар суы қорасына кіргенін айтады. Төтенше жағдай қызметінің көліктері мен адамдары ауылға келіп, тұрғындарды өзеннен өткізіп жатыр.

Азаттық